Ұлытау облысының тұрғыны Ресей жағында Украинадағы соғысқа қатысқаны үшін төрт жарым жылға сотталды. Үкімді Сәтпаев қаласының соты шығарған. Бұл туралы Ұлытау облысының соты хабарлады.
Соттың ақпаратына қарағанда, Г. деген азамат 2022 жылы күзде Жезқазғаннан Ресейге барып, ЧВК "Вагнер" тобының қатарына қосылған.
"Г. Қазақстан азаматы болса да, БАҚ пен интернет арқылы шетелдегі қарулы қақтығыс жайлы хабардар болып, идеологиялық мақсатты көздеп, әкесі Харков қаласының тумасы болғандықтан және шетел билігі орыс ұлтының құқықтарын шектеп жатыр деп санап, "В" жекеменшік әскери компаниясының құрамында қарулы қақтығысқа қатысу идеясын жүзеге асырмақ болған" дейді сот.
Сотта айтылғандай, "Вагнер" тобы ай сайын 240 мың рубль (шамамен 2,4 мың доллар) береміз деп уәде берген. Г. алдымен қару қоймасында жұмыс істеп, кейін "Вагнердің" соғысатын бөлімшесіне ауыстырылған. Ер адам 2023 жылы шілдеде Мәскеуден Астанаға оралған.
Сотта күдікті айыбын толық мойындағаны айтылды.
Қазақстан азаматтарының Ресей сапында Украинадағы соғысқа қатысқаны жайлы бұған дейін де айтылған еді. 2023 жылы Азаттық Донбасста қаза тапқан екі қарағандылық туралы жазған. Екеуі де "Вагнер" қатарында соғысқан. Бұған қоса, өазақстандық басылымдар да елдің шығысы мен солтүстігінен Украинадағы соғысқа кеткен ер адамдар жайлы ақпарат таратқан.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қарағандыдан Донбассқа соғысқа аттанған екеу кебін киіп оралдыЖақында Қазақстан азаматы Тимур Пралиев Мексика арқылы АҚШ-қа өтпек болып ұсталған еді. Ол "Вагнер" тобында болғанын мойындағаны айтылған.
Қазақстан азаматтары шетелдегі әскери қақтығыстарға қатысса қылмыстық жауапқа тартылады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Оның Америкада қалғанын қалар едім". АҚШ-та ұсталған "Вагнер" жалдамалысы, қазақстандық Тимур Пірәлиев туралы не белгілі?"Вагнер" Ресейдегі танымал жеке әскери компания болған. Олар Сирия, Ливия, Орталық Африка Республикасындағы қақтығыстарға барған. Кейін Донбасстағы Бахмут қаласын алуға қатысты. Бұған қоса, "вагнерліктер" Мариуполь, Северодонецк, Лисичанскідегі қақтығыстарда да болды.
2023 жылы маусымда "Вагнер" жетекшісі Евгений Пригожин әскери бүлік ұйымдастырып, Ресейдің әскери басшыларына қарсы шыққан. 2023 жылы тамызда Пригожин әуе апатынан қаза тапты. Осыдан соң "Вагнердің" көп бөлігі тарап, жалдамалыларға Ресей қорғаныс министрлігімен келісім-шарт жасасу ұсынылған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Вагнер" тобы қатарына Қазақстаннан адам тартады. Мемлекет неге тосқауыл қоймайды?