Your browser doesn’t support HTML5
"Зобалаң" шығармасы 1991 жылы шілде айында төрт күн Азаттық радиосы эфирінен берілген. Поэма эфирге радиоинценировка, радио-қойылым, аудио-драма түрінде ұсынылған. Оны Азаттықтың сол кездегі Мюнхендегі қызметкерлері Суат Шерушіұлы мен Нұркамал Пынар музыкамен көркемдеп, оқыған. Сол жылы Желтоқсан оқиғасына бес жыл толған еді. Бүгінде бұл аудио-драма жазбасы Астанадағы ұлттық академиялық қордың сирек қорынан орын алған Хасен Оралтайдың жеке қорында сақтаулы тұр.
АЛАҢДАҒЫ АРАҚ ЖӘНЕ КОМСОМОЛДЫҢ МОЛДАСЫ
"Зобалаң" жазылғаннан кейін 40 жылға жуық уақыт өткенде, 2025 жылдың басында авторы Жұмаш Кенебаев Азаттыққа поэманың шығу тарихын баяндап берді.
Жұмаш Кенебаевтың айтуынша, 1986 жылғы 16 желтоқсанда Қазақ ССР компартиясының бірінші хатшысы Дінмұхаммед Қонаевтың орнынан алынғанына наразы жұрттың 17 желтоқсанда Алматыдағы сол кездегі орталық алаң – Брежнев атындағы алаңға жиналып жатқанын естіп, өзі де барған. Сол кезде қасында "Жалын" баспасында қызмет атқарған бірнеше әріптесі болыпты, олардың арасында Байбота Қошым-Ноғай, Абзал Бөкен, Төрегелді Тұяқбаев және тағы басқа бүгінде белгілі қаламгерлер бар.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Желтоқсан-1986. Совет билігі қанға бөктірген бейбіт шеру– Барсақ, алаңға халық сыймай тұр екен. Жан-жақтан ағылып келіп жатыр. "Мыналар АДК-дан" [сол кездегі Алматы үй құрылысы комбинаты – Азаттық], "мына топ Қыздар институтынан келді" деп жиналғандар хабарлап жатты, – деп еске алды Жұмаш Кенебаев.
Ақын Байбота Қошым-Ноғай да сол кездегі көргенін әлеуметтік желідегі постында жазған. "Желтоқсан көтерілісі кезінде көппен бірге алаңда жүрдік. Кенет бір жігіт: "Әншейінде қазағым, халқым, елім деп етегі жасқа толып жүретін ақын-жазушылар қайда? Олар неге біздің арамыздан көрінбейді?" – деп айқай салды. Менің жанымда тұрған ақын Төрегелді Тұяқбаев әлгі жігітті жеңінен тартып: "Еліре берме, бауырым. Біз қасыңда тұрмыз сенің", – деді. Біреуді біреу танып болатын кез бе еді ол!.."
Ал Жұмаш Кенебаевтың айтуынша, 17 желтоқсанда қас қарайған кезде де алаңға жиналған халық тарамай тұрып алған. Бір кезде мінберге Қазақ ССР министрлер советінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев шығып сөйлеп, адамдарды тыныштандыруға тырысқан.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қазақстанға тағы бір диктатор келген сияқты". 35 жыл бұрынғы пайым– Назарбаев трибунаға шығып, "Әй, шуылдақтар, сендер мені білесіңдер ме?" деді. Нақ осылай айтты. Оны сол кезде көпшілік тани бермейді, біздің өзіміз жақыннан енді көріп тұрмыз. Көпшілік шу ете қалды. Одан кейін Қазақ ССР прокуроры Ғалым Елемесов те шығып сөйлеген болды. Бірнеше адам сөйледі. Есімде қалғандарынан тағы Әбіш Кекілбаев болды. "Жастар, қайтыңдар! Орыс пен қазақтың дос болғанына 250 жыл болды, қазір соны атап өтіп жатырмыз" деді. Содан кейін әнші Роза Бағланова шығып "Балаларым, тоңдыңдар ғой. Қайтпайсыңдар ма? Үйге барып шай ішпейсіңдер ме" деген сыңайда сөйледі. Бірақ ашуға мінген ел қайтатындай болмады, оларды да тыңдамады. Сол кезде алаң маңында екі көлік өртеніп жатты. Бір уақытта әлдекімдер арақ таратты. Біз жастарға арақ ішпеу керегін айтып, бөтелкелерді сындыртып тастадық. Бірақ бәрін сындыру мүмкін бе?! Сөйтіп тұрғанда комсомол басшыларының бірі келіп "Өлі разы болмай, тірі байымайды. Қазір молда келеді. Құран оқытайық" деді. Сөйткенше бәрі отыра қалды. Сол кезде солдаттар да жиналғандарға лап қойды, – деді Жұмаш Кенебаев.
"ЕСІМДЕ ЖОҚ, ҚЫЗ ӨЛІ МЕ, АМАН БА?.."
Жұмаш Кенебаев серіктерімен бірге сол күні түнде алаңдағы үйлердің бірінің жертөлесін паналап, түн ортасында қайтқанын айтты. Ертесіне жұмысқа барғанда "Жалын" баспасы басшысы орынбасарларының бірі жиын өткізіп, алаңға барғандарды айыптаған. Сөйтіп отырғанда баспа директоры Сейдахмет Бердіқұлов келіп, алаңға барғандардың мәселесіне түсіністікпен қарауға тырысқан.
– "Айналайындар-ай, байқасаңдаршы. Бәрін естіп отырмын. Сабыр етіңдер. Енді алаңға барсаңдар, рұқсатпен тізім жасап, қызыл шүберек байлап алып барыңдар" деді Сейдахмет Бердіқұлов. Бұл желтоқсанның 18-і еді, – деп еске алды Жұмаш Кенебаев.
– Қолға байлайтын қызыл шүберек нені білдіретін еді?
– Қызыл шүберек (повязка – орысша) қоғамдық тәртіп сақтауға шыққан кезекші ерікті дегенді білдіреді. Көшенің бәрін әскер қоршап тұр. Олар қызыл шүберегі барларды ғана өткізіп жатыр. Алаңға барғанда үш қатар әскер қоршап тастапты. Сөйтіп тұрғанда поэмаға негіз болған оқиға басталды, – деді еске алды Жұмаш Кенебаев. – Джинсы киген, шашы қысқа қазақ қызы шықты. Ол кезде джинсы кию әлі кең тарай қоймаған. Орысша сауатты сөйлейді екен. "Кеше менің құрбымды иттей ғылып ұрдыңдар. Жауап бересіңдер! Бәріңді сотқа беремін, сендер – қылмыскерсіңдер!" деді әскерге.
Жұмаш Кенебаев алаңда көргенін кейін "Зобалаң" поэмасында суреттеп жазған.
Деп тұрғанда неге сонша таусылам,
Бойжеткен қыз шыға келді қарсыдан.
Жиып алдым мен селк етіп есімді,
Офицердің шаңқ-шаңқ еткен даусынан, – деген ақын шығарма кейіпкерін жүрек жұтқан батыл қыз ретінде сипаттаған.
– Сонымен қыздың қасына бардым. "Айналайын, мына жерден кетпесең, мыналар өлтіреді. Қолдарында дубинка мен автоматтар бар" дедім. Ол менің қызыл повязкамды көріп қалып, "сенің өзің сатқын екенсің ғой" деді. Мен ондай емес екенімді айта алмай тұрмын. "Кетсең сен кет! Мен мыналардың қолында өлемін" деді әлгі қыз. Сол қыз кім екенін әлі күнге дейін білмеймін, – деді Жұмаш Кенебаев.
Айтуынша, сол сәтте сапта тұрған әскерден бес адам бұлар тұрған жаққа тап берген. Қыз қаша жөнелген.
– Жер тайғақ. Солдаттардың бірі шалып қалғанда, тайып кетіп, тұра алмай қалдым. Ана қызды көріп тұрмын. Әскер қызды шашынан сүйреген күйі әкеп көшенің жақтауына бір ұрды. "Мама!" деп айқайлады қыз. Жер қанға боялғандай көрінді. Сөйтсем, алаңдағы үйлердің балконында қазақтың екі апасы шығып алып, жоқтау айтып тұр, – деп еске алды ақын.
Есті жиып, жеткенімше жүгіріп,
Қыздың басын тас жақтауға бір ұрып,
Тындырып та үлгерді арам істерін,
Шошыр еді, көрген адам түстерін!
Шың-шың етіп, бітіп қалды құлағым,
Жынды адамдай, бір тұрып, бір құладым...
Қарғыс айтам, кері кеткен заманға!
Есімде жоқ, қыз өлі ме, аман ба?..
Көп қабатты биік үйден алдағы,
Бір қарт ана, жоқтау айтып, зарлады...
"ҚЫЗДЫҢ ДАУЫСЫН ҮШ КҮН ОҚИ АЛМАЙ ЖҮРДІМ"
Поэма авторының сөзіне қарағанда, сол сәтте алаңға жиналған көтерілісшілер де әскерге тап берген.
– Сонымен қыз қайда?! Мәселе сонда ғой. Екі жақтың қайсысы алып кетті, мен білмеймін. Соның бәрі есімде қалды да, алғашқы шумақтары тіліме оралып, поэма жазам дедім іштей. Поэманың атын "Зобалаң" деп қойдым, – деді Жұмаш Кенебаев.
Оның сөзінше, 1986 жылы желтоқсан айында бастаған "Зобалаң" толғау-поэмасын 1990 жылы жазып біткен. Алғаш рет "Азат" газетіне жарияланған. Кейін осы нұсқаның негізінде Азаттық радиосы музыкамен көркемдеп, радиоинценировка жасап, 1991 жылы эфирге ұсынды. Поэманы Суат Шерушіұлы мен Нұркамал Пынар бейнелі түрде оқыған.
– Сол жылы Алматыға Нұркамал Пынар келді. "Зобалаңдағы" қыздың дауысын оқыған мен едім" деді. Сонда ол "қыздың дауысын үш күн оқи алмай жүрдім, қайта-қайта жылап жіберем" деп еді, – деп еске алды Жұмаш Кенебай.
Сол шумақтар былай басталатын.
– Әй, әскери адамдар!
Ей, әскери адамдар!
Сендердің де анаң бар,
Сендердің де балаң бар!
Кеше жұртты қырғандар!
Мені бір сәт тыңдаңдар!
Достарымды қорғансыз,
Ұрмаңдаршы!? Ұрмаңдар.
Поэма авторының айтуынша, "Зобалаң" поэмасы осы күнге дейін баспадан жеке кітап ретінде жарық көрмеген, ресми газеттерде де жарияланбаған. Толғау 1991 жылы Азаттық радиосында аудио-драма түрінде көпшілікке тараған. Осы нұсқа негізінде театрларда, кейін мектептерде қойылған кездері болған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Әбиірбек Тінәлиев: «Желтоқсан желінің» тұсауы Азаттық радиосында кесілген еді...Осы тұста айта кететін жайт – Азаттық радиосында тұсауы кесілген Желтоқсан тақырыбындағы шығарманың бірі – Әбиірбек Тінәлиевтің "Желтоқсан желі" әні болатын. Кейінірек Әбиірбек Тінәлиевтің "Өзімнің жаныма жақын "Желтоқсан желі" деген әнімді алғаш Азаттық радиосынан естігенде төбем көкке екі елі жетпей қалды" деп еске алатыны бар.
Жұмаш Кенебаев та Азаттық эфирінен берілген өз шығармасын тыңдаған кездегі әсерін айтып берді.
– Керемет енді! Алғаш тыңдағанда таңғалдым ғой. Керемет жазған екем ғой деп қоям. Әуелде мен бермеген екем. Оқиға ортасында болғандықтан ба, қиналмай жазылған поэма еді, өзі төгіліп тұрды, – деді толғау авторы.
Бұл мақаладағы жайттар "Азаттық толқынында" подкасында толығырақ баяндалды.
Аудиоподкастың барлық эпизодын Азаттық сайтынан, подкаст платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан тыңдауға болады.