Ақтаудағы ұшақ апаты: Бразилиядан әкелінген қара жәшіктің деректері зерттеліп жатыр

Ақтауда апатқа ұшыраған Azal ұшағы. 25 желтоқсан 2024 жыл.

Ақтауда апатқа ұшыраған әзербайжан әуе компаниясы ұшағының қара жәшігінің сараланған деректері Бразиялиядан Қазақстанға әкелінді. Бұл жөнінде көлік министрлігіне сүйенген мемлекеттік Қазақпарат агенттігі жазды.

"Қазақстанға әкелінген қара жәшіктің сараланған мәліметтерін мамандар зерттеп жатыр" деп агенттік министрліктің хабарламасынан үзінді келтіреді.

Ведомствоның айтуынша, авиация оқиғаларын зерттеу комиссиясы халықаралық стандартқа сәйкес, барлық факт мен материалдарды зерттегеннен кейін алдын ала есебін жариялайды. Онда зерттеудің барысы туралы ақпарат берілмек.

25 желтоқсанда Әзербайжан астанасы Бакудан Шешенстан орталығы Грозныйға ұшып шыққан Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Embraer E190 ұшағы Ақтау қаласы маңында апатқа ұшыраған. Борттағы 67 адамның 38-і қаза тапқан еді.

Негізгі болжам бойынша, Грозный әуе кеңістігінде ұшақ ресейлік әуе қорғаныс жүйесінің шабуылына ұшырағаннан кейін бағытын өзгертуге мәжбүр болған, осылайша Қазақстанда апатқа ұшыраған. Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев апатқа Ресей өкілдері кінәлі деп мәлімдеп, Ресей жағы өтемақы төлеуі керек деген талап қойған.

Бұған дейін Ресей президенті Владимир Путин Әлиевке ұшақ Ресейдің әуе кеңістігінде апатқа ұшырағаны үшін кешірім сұраған. Ресей билігі әзербайжан ұшағы Грозныйға қонбақ болған кезде украиналық дрондарға байланысты қала төбесінде әуе қорғаныс жүйесі іске қосылып тұрғанын мойындаған.