Ақтөбеде медбикеден туберкулездің ашық түрі анықталғаннан кейін 700-ден астам бала тексерілді

Ақтөбедегі ауруханалардың бірі. Көрнекі сурет.

Ақтөбеде көпсалалы облыстық балалар ауруханасының медбикесінен туберкулездің ашық түрі анықталғаннан кейін 700-ден астам бала тексеруден өткен. Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы балалардың ешқайсынан туберкулез анықталмағанын хабарлады.

Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 2024 жылғы қыркүйек айында медбикеге пневмония диагнозы қойылған. Сол кезден бастап медбике еңбекке жарамсыздық парағымен үйінде ем алған. 2024 жылғы желтоқсан айында оның туберкулездің ашық түріне шалдыққаны анықталып, стационарлық ем қабылдай бастаған.

- Ақтөбедегі көпсалалы облыстық балалар ауруханасы жылына 14 мыңнан астам пациентке қызмет көрсетеді. Олардың арасында вакцинациядан өтпеген науқастар да аз емес. Сондықтан медициналық ұйымдардың қызметкерлері туберкулез секілді жұқпалы індеттерден сақтандырылмаған, - деді Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы.

Медбикемен тығыз байланыста болған 55 ересек адам толық тексеруден өткен. Олардан ауру белгілері анықталмаған.

Ақтөбе облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті жұқпалы ауру ошағына эпидемиологиялық зерттеу жүргізген. Дезинфекциялық іс-шараларды атқарған. Департамент медбике жұмысқа қабылданған күннен бастап балалар ауруханасында ем алған 700-ден астам баланы тексерген. «Әзірге инфекциялық аурудың жаңа дерегі анықталған жоқ» деп хабарлады департамент.

Туберкулездің ашық түрін жұқтырған медбике Ақтөбедегі көпсалалы облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөліміне 2023 жылғы желтоқсан айында қабылданған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Науқасты іздеп тауып, емдейді. Аутрич қызметкердің туберкулезге қарсы күресі