Ресей президенті Владимир Путин АҚШ-тың қайта сайланған президенті Дональд Трамппен келіссөз кезінде Украинаның НАТО-ға кірмейтіндігіне кепілдік беру және әскери одақтың шығыс шекарасына шоғырланған күштерді алып кету мәселесін талқылауды жоспарлап отыр. Бұл жөнінде бірнеше ресейлік дереккөзге сүйенген Financial Times басылымы жазды. Дереккөздердің арасында осы мәселені Путинмен талқылаған адам да бар.
"Ол Ресейге қатер төнбес үшін халықаралық тәртіп ережесін өзгерткісі келеді. Ол соғыстан кейінгі әлем қалай болатындығына қатты алаңдаулы... Трамп өз кезегінде НАТО рөлін қысқартқысы келеді. Әлем өзгеріп жатыр, бәрі мүмкін" деді дереккөз.
Путиннің Трамппен кездесуге дайын екенін өткен жұмада Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков та айтқан. Ол Ресей мен Америка жағының саммитті ұйымдастыруға кіріскені жөнінде хабарға осындай түсініктеме берген.
Сайлауалды кампаниясы кезінде Ресейдің Украинамен соғысын 24 сағат ішінде бітіруге уәде берген Трамп осы апта басында біршама шынайылау мерзімді (6 ай) атаған.
Еуропа басшылары мен шенеуніктері Трамп пен оның командасын Украинаға көмекті үзбеу қажеттілігіне көндіруге тырысып келеді. Олардың пікірінше, бұл бейбітшілік келіссөз кезінде Киевтің шарттарына салмақ беріп, Мәскеуді диалогқа итермелеуге жол ашады.
Батыстың ресми тұлғалары, арасында НАТО бас хашысы Марк Рютте де бар, Киевтің жеңілісі Путиннің позициясын нығайтып, оның одақтастары Қытай, Иран мен Солтүстік Кореяға дем бермек деп санайды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ FT: Трамп командасы Украинадағы соғысты аяқтау тәсілін қайта қарастырып жатыр