Қазақстанда "жемқорлар реестрі" жасалмақ

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі. Көрнекі сурет.

15 қаңтарда парламенттің төменгі палатасы "ауыр және ерекше ауыр қылмыс үшін сотталған жемқорлардың реестрін" жариялауға мүмкіндік беретін түзетуді бірінші оқылымда мақұлдады.

"Жемқор шенеуніктердің жария реестрі - бұл профилактикалық құрал. Оның басты мақсаты – қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастыру. Реестрге ауыр және аса ауыр жемқорлық қылмыстарын жасағаны үшін сотталғандар туралы мәлімет енгізілмек. Тұлғаларды реестрге енгізуге заңды күшіне енген айыптау үкімі негіз болады" деді сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарықұлов.

Реестр сыбайлас жемқорлықпен күрес іс-қимыл агенттігінің сайтында жарияланбақ. Онда сол адам туралы мәлімет, оның соңғы жұмыс орны, қылмыс құрамы, күшіне енген үкім реквизиті жарияланады.

Жоба авторларларының сөзінше, ақталған немесе сот жазасын өтегендердің тізімі реестрден алынбақ.

Жемқорлықпен күрес туралы заңға сонымен бірге "мүдделер қақтығысы" ұғымы енгізілмек. Мұндай жағдайларды арнайы қызмет қарастырмақ. Қызметкердің мүдделер қақтығысы анықталған жағдайда ол 10 күн ішінде қызметінен шеттетілуі керек, ал оның міндеттері өзге қызметкерге жүктеледі.

Қылмыстық кодекске сонымен бірге пара алғандар ғана емес, оны ұсынғандар мен соған қатысты уәде бергендерді де жауапқа тартуды қарастыратын өзгеріс (247-1 бап) енгізілмек.

Жаңа заң жобасына сәйкес, "жемқорлыққа жағдай жасағандар мен оның себебін жоймаған" басшылар да тәртіптік жауапкершілікке тартылады.

Одан бөлек, заң жобасы арнайы және құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне әкімшілік кодекс аясында реттелетін жемқорлыққа қатысты заңсыздықтар үшін әкімшілік жауапкершілік те белгілейді.

Ұлан Сарықұловтың сөзінше, жоғарыда аталған нормалар "жемқорлықты едәуір азайтуға" мүмкіндік береді.

Жемқорлықты зерттейтін Transparency International ұйымының 2024 жылғы есебіне сәйкес, "жемқорлық жайлаған елдер" қатарында қалған Қазақстан 100-ден 39 балл алып, 180 елдің арасында 93-орында тұр.