Трамптың болашақ кеңесшісі Путинмен кездесуге дайындық жайлы айтты

АҚШ конгрессмені Майк Уолц

АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путин жақын күндерде я апталарда телефонмен сөйлесуі мүмкін. Мұны Трамп өзіне ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші лауазымына таңдаған конгрессмен Майк Уолц ABC News-ке берген сұхбатында айтты.

Оның сөзінше, телефонмен сөйлесу Трамп пен Путиннің бетпе-бет кездесуіне алғашқы қадам болмақ, оған дайындық жүріп жатыр.

Сол кездесуге Украина президенті Владимир Зеленский қатыса ма деген сұраққа Уолц: "біз кездесудің нақты құрылымын әлі анықтаған жоқпыз, бірақ осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз", – деп жауап берді.

Уолц Ресей-Украина әскери жанжалы бойынша келісімге қол жеткізу үшін майдандағы жағдайды тұрақтандыру маңызды екенін атап айтты. Конгрессменнің сөзінше, АҚШ атыс-шабыс "кез келген сәтте" тоқтағанын қалайды, сонда ғана келіссөз жүргізуге кірісуге болады. "Барлығы қандай да бір дипломатиялық жолмен аяқталуы тиіс", – деді Уолц.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ FT: Путин Трамппен Киевтің НАТО-ға кірмеуі мәселесін талқылауды жоспарлап отыр

"Адамдар мен ресурстарды қасапқа салудан бұл Үшінші дүниежүзілік соғыстың салдарынан кем түспейді", – деді ол Ресей мен Украина арасында қалыптасқан жағдай жөнінде.

Бұған қоса, Уолцтің сөзінше, "Ресейді иеленіп отырған аумақтардан (аннексияланған Қырым да бар) толық кетіру туралы жоспарлардың орындалмайтынын" Трамп түсініп отыр.

АҚШ-тың қазіргі президенті Джо Байденнің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан болса CNN эфирінен Киев өз аумақтарына байланысты шешімдерді өзі қабылдауы керек және оларды "АҚШ немесе басқа елдер таңа алмайды" деп мәлімдеді. Оның айтуынша, жанжал қайталанбас үшін, Украина бойынша келісімнің қауіпсіздікті қамтамасыз ететін кепілдігі болуға тиіс.

Мәскеу мен Киев Уолцтың бұл сөздеріне байланысты әзірге ешқандай пікір білдірген жоқ.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ FT: Трамп командасы Украинадағы соғысты аяқтау тәсілін қайта қарастырып жатыр

Бұрын Украина президенті Владимир Зеленский Киев Ресеймен бейбіт келіссөз бастау үшін Мәскеу әскерін 1991 жылғы шекара бойына қайтаруы керек деп мәлімдеген еді. Кремль келіссөз жүргізу үшін қазіргі қалыптасқан жағдайды ескеру қажет деп айтқан.

Дональд Трамп былтыр қараша айында АҚШ президенті сайлауында жеңіске жеткеннен кейін, Ресейдің Украинаға қарсы соғысын аяқтау үшін Владимир Путинмен кездесу ниеті барын білдірген. Трамп ондай кездесу биылғы 20 қаңтарға жоспарланған инаугурациясынан кейін алты ай ішінде өтуі мүмкін екенін жоққа шығармаған.

Кремль Путин мен Трамп арасында болуы мүмкін келіссөзді ұйымдастыру бойынша әзірге нақты ақпарат жоғын айтты.

Швейцария егер бұл лидерлер кездесуді ұйғарып, тиісті өтініш жасаса, онда келіссөзді өз аумағында ұйымдастыруға дайын екенін бұған дейін хабарлаған.