Accessibility links

"Оның Америкада қалғанын қалар едім". АҚШ-та ұсталған "Вагнер" жалдамалысы, қазақстандық Тимур Пірәлиев туралы не белгілі?


Тимур Пірәлиев. Вконтакте желісіндегі қордың парақшасынан алынған.
Тимур Пірәлиев. Вконтакте желісіндегі қордың парақшасынан алынған.

Мексикадан АҚШ-тың Техас штатына заңсыз өтпек болып, ұсталған Қазақстан азаматы Тимур Пірәлиев ресейлік жекеменшік әскери компания "Вагнер" құрамында соғысқанын мойындады. Қазақстанның оңтүстігіндегі Шымкент қаласында дүниеге келген 31 жастағы Тимур Пірәлиев жөнінде не белгілі?

31 жастағы Қазақстан азаматы Тимур Пірәлиевті Американың шекара қызметі Мексика жағынан Рио Гранд өзені арқылы Техасқа қарай заңсыз өтпек болғанда ұстағанын Американың ақпарат құралдары осы аптада жазды. Ол 4 қаңтарда ұсталып, 5 қаңтарда қамалған.

Пірәлиев ұсталғаннан кейін Қазақстан азаматы екенін айтқан, алайда оның қазақстандық төлқұжаттан бөлек ресейлік паспорты да болған. Шекарашылар одан 4 мың доллар, 60 мың мексикалық песо және дрон тапқан.

Жауап алу кезінде Пірәлиев ЧВК "Вагнер" құрамында соғысқанын мойындаған.

АҚШ бұл жекеменшік әскери компания Украина аумағында және Африка елдеріндегі күш көрсету мен адамдарды дарға асу оқиғаларына қатысы бар деп санайды.

Пірәлиевке шекараны заңсыз кесіп өтті деген айып тағылған. Ол тағылған айыпты мойындаған.

Пірәлиев әзірге федералдық түрмеде, оның әрі қарайғы тағдыры белгісіз.

Пірәлиевтің АҚШ-қа неге өтпек болғаны белгісіз.

Азаттықтың Орыс қызметі АҚШ-қа заңсыз кірмек болған Тимур Пірәлиевтің суретін тапты. Оның “Вагнер” мүшесі болғаны расталды деп жазды басылым.

Бір айға жуық уақыт бұрын ол Башқұртстан республикасындағы "Защитники Отечества" қорынан ардагер куәлігін алған. Бұл жөнінде мәлімет 12 желтоқсанда “Вконтакте” желісіндегі қордың парақшасында жарияланды. Оның әлеуметтік желі парақшасындағы достарының бірі Азаттыққа суреттегі адам Пірәлиев екенін растады. “Вконтакте” желісіндегі деректер Америка соты құжаттарындағы деректермен сәйкес келеді.

АҚШ прокуратурасы, жергілікті кеден және шекара қызметінің аймақтық басқармаларының ешқайсысы Пірәлиевтің қамалуына байланысты Азаттықтың Орыс қызметінің электронды пошта немесе аудио хабарламаларына жауап бермеді.

"МЕН ОНЫҢ АМЕРИКАДА ҚАЛҒАНЫН ҚАЛАР ЕДІМ..."

Азаттық Тимур Пірәлиевтің Алматыда тұратын әкесімен сөйлесті. Қаланың батыс бөлігінде тозығы жеткен жатақханада тұратын жасы алпыстан асқан ер адам әуелі тілшінің сұрақтарына жауап беруден бас тартып, кейін біраз "ашыла" сөйлескендей болды. Десе де оның жүзінде қандай да бір қауіп пен күдіктің ізі тұрды.

Ол ұлын көрмегеніне көп болғанын айтып, "Защитники Отечества" қоры жариялаған суретті көрсеткен кезде "иә, ұлыма ұқсас" деді.

Оның сөзінше, Тимур – үш ұлдың ортаншысы. 2014 жылы шешесі қайтыс болғаннан кейін Тимур мен өзге ұлдары жырақ кеткен. Айтуынша, үлкен ұлы дін жолына түсіп, отбасын құрған. Қазір басқа бір елде (нақты атамады, бірақ Ресей емес деді) араб тілінен сабақ беріп жүр деді. Кіші ұлы Алматыда. Бірақ басқа жерде тұрады.

Бастапқыда Шымкентте тұрған отбасы 90 жылдары елді жұмыссыздық жайлап, қиын-қыстау шақ туындаған кезде Алматыға қоныс аударған. Өзге ұлдарымен бірге Тимур да мектепті Алматыда тәмамдап, халық арасында "Нархоз" атанып кеткен университетте оқыған. Одан кейін түрлі орындарда жұмыс істеген. Бұған дейін бір дереккөз Азаттықтың Орыс қызметіне Тимур Пірәлиев банкте істегенін айтқан еді.

Ол сөз арасында ұлының көбіне анасына жақын болғанын айтып, кәмелетке толған шақта фамилиясын Пірәлиев қылып өзгертіп алғанын да жеткізді.

"Мектепті керемет оқыды деп айта алмаймын. Мінезі салмақты болатын" деді әкесі.

Оның сөзінше, Тимур өзіне қатты жақын болмаған. Әйелі өлгеннен кейін ол мүлде хабарсыз кеткен. Ресейге қашан кеткенін, қашан азаматтық алғанын да білмейтінін айтты.

"Мен де, әйелім де қазақ. Ресейде туыстарымыз бар. Башқұрстанның бір ауылдарында тұрады. Ол әйелімнің туыстары" деді ол.

Ол ұлының АҚШ-та ұсталғанын естімегенін, не үшін кеткенін де білмейтін болып шықты.

"Мен оның АҚШ-та қалғанын қалар едім. Себебі мұнда келсе оны қамайды. Сол жақта болса мен де барар едім. Бұл жақта не? Кедейшілік?..." деді өзі тұратын пәтер орналасқан әбден тозған жатақхананы нұсқап.

Тимур Пірәлиевтің жақындары тұратын жатақхана. Алматы, 11 қаңтар 2025 жыл.
Тимур Пірәлиевтің жақындары тұратын жатақхана. Алматы, 11 қаңтар 2025 жыл.

Оның айтуынша, Жаңа жыл алдында жергілікті полиция өкілдері келіп, бөлімшеге шақырып, қандай да бір құжатқа қол қоюды сұраған. Бірақ нақты қандай құжат екенін сол күйі анықтамаған.

- Әуелі бір полковник, сосын жергілікті учаскелік полиция келді. Мен ештеңеге қол қоймаймын дедім.

- Олар не деді? Тимур жөнінде сұрады ма?

– Ол туралы да сұрады, деді.

Тимур Пірәлиевтің әкесі сөз арасында ұлының әрекетіне қолдау білдірді.

Жергілікті учаскелік инспектор Әділет Әйкенов 11 қаңтарда Азаттыққа Тимур Пірәлиев жөнінде ештеңе естімегенін айтты. "Мен ол жатақханаға барып көрген емеспін, бірақ біздің аумаққа қарайды. Полиция басқармасынан сұрап көріңіз" деді.

Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбекқызы әзірге жауап бермеді.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров та телефон тұтқасын алмады.

Егер Пірәлиев Қазақстанға депортацияланатын болса, ол кемінде қос азаматтығы үшін жауапқа тартылуы мүмкін. Себебі Қазақстан заңы қос азаматтыққа тыйым салады. Дегенмен елде Қазақстан азаматтығынан бас тартпай, өзге елдің азамттығын алу жағдайы да ара-тұра кездеседі.

Азаттық бұған дейін де Украинада "Вагнер" құрамында соғысқан қазақстандықтар туралы жазған, олардың кейбірі сотталған, кейбірі қаза болған, кейбірі хабар-ошарсыз кеткен. Қазақстан азаматтары басқа елдегі қарулы қақтығысқа қатысса қылмыстық жауапқа тартылады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG