Жексенбі, 12 қаңтар күні Украина президенті Владимир Зеленский Киев қолына түскен Солтүстік Корея сарбаздарын Ресей тұтқынындағы украиндарға алмастыруға дайын екенін айтты.
Зеленский Солтүстік Корея сарбаздары Украина қолына алғаш рет түскенін, бірақ бұдан әрі мұндай тұтқындар саны ұлғая беретінін мәлімдеді.
Солтүстік Кореяның екі сарбазы ұсталғанын Украина басшысы сенбі күні айтқан.
Пхеньян әскері Украинадағы соғысқа Ресей жағында жұмылдырылғаны былтыр күзде мәлім болған. Украина мен Батыс елдерінің барлауынша, Солтүстік Корея 11 мың әскерін Ресейдің Курск облысына жолдаған. Ресей мұны растаған да жоқ, терістеген де жоқ.
Зеленский бұған дейін Ресей және Солтүстік Корея күштері көп адамынан айырылып жатыр деп мәлімдеген.
"Ким Чен Ын өз сарбаздарын Ресей тұтқынындағы жауынгерлерімізге алмастыруды ұйымдастыра алса, Украина оның сарбаздарын беруге дайын" деді Зеленский X платформасында.
Ол екі сарбаздың тергеу сұрақтарына жауап берген видеосын жариялады. Бірінің қолы, бірінің жағы таңылған. Қолы таңылғаны төсекте жатып жауап берген.
Аудармашы арқылы сөйлескен екі сарбаздың бірі Украинаға қарсы соғысып жатқанын білмегенін айтады. Өзінің айтуынша, шабуыл кезінде тығылып қалып, екі күннен кейін табылған. Бұл сарбаз Солтүстік Кореяға оралу туралы бұйрық түссе орындайтынын, бірақ мүмкіндік болса Украинада қалуға дайын екенін білдірген.
Бұл видеоның тәуелсіз көздер арқылы растау мүмкін болмады.
"Бірі Украинада қалуға, бірі Кореяға қайтуға ниет білдірді" деді Зеленский телеүндеуінде.
Зеленский еліне оралғысы келмейтін солтүстіккореялық сарбаздарға басқа жолдар ұсынылатынын, "бұл соғыстың шындығын корей [тілінде] тарату арқылы бейбітшілікке жол бастауға ниетті адамдарға мүмкіндік берілуі қажетін" мәлімдеді. Бірақ мұның егжей-тегжейін баяндамады.
ПІКІРЛЕР