Хорватия президентін сайлаудың екінші турында қазіргі мемлекет басшысы Зоран Миланович озды. Алғашқы экзитпол деректері бойынша, дауыс берген сайлаушылардың 78 пайызы Милановичті қолдаған.
Оның бәсекелесі, бұрынғы білім министрі Драган Приморацты сайлаушылардың 22 пайызынан астамы жақтаған.
Сайлаудың бірінші туры былтыр 29 желтоқсанда өткен кезде ешбір кандидат 50 пайыздан асатын дауыс жинай алмаған, Милановичтің жеңіске жетуіне 1 пайыз жетпей қалған еді.
Зоран Миланович 2020 жылдың ақпанынан бері Хорватия президенті қызметін атқарып келеді. Бұған дейін ол Хорватияның Социал-демократиялық партиясын басқарды.
Миланович Украинаға бірнеше рет сынға алып, оны "әлемдегі ең жемқор ел" деп атаған және Киевке Еуропа Одағы мен НАТО тарапынан көмек көрсетуге қарсы болған.
Президент Миланович Хорватия премьер-министрі Андрей Пленковичпен жиі айтысып қалады. Батысшыл саясаткерлер Мәскеу мен Киев арасындағы жанжал мәселесінде Милановичті ресейшіл ұстанымы үшін айыптайды.
Драган Приморац 2003 жылдан 2009 жылға дейін білім министрі болған, 2009 жылы президенттік сайлауға қатысқан. Биылғы саяси бәсекеге екеуі де тәуелсіз кандидат ретінде қатысып жатқанын мәлімдеген. Дегенмен, Милановичті – Социал-демократиялық партия (СДП) басқаратын солшыл-орталық альянс, ал Приморацты Пленкович басқаратын "Хорватияның демократиялық қауымдастығы" партиясы қолдайды.
ПІКІРЛЕР