Ақтөбе соты бүйрегін 9 млн теңгеге сатпақ болған атыраулық Ерболат Орынбасаровтың ісін қарай бастады. 27 жастағы азамат қарыздарынан құтылу мақсатында 2024 жылы мамырда Telegram желісіне хабарландыру берген. Бес айдан соң ол Ақтөбеге келіп, "бүйрек саудалаушыдан" 5 млн теңге алып жатқан жерінен ұсталған.
Тергеу Орынбасаровқа "тірі адамның ағзаларына қатысты заңсыз мәміле жасасу" бабымен айып тақты. Сотталушы өзіне тағылған айыпты толық мойындап отыр. Сот алдында өз әрекетіне қатты өкінетінін айтты.
Ерболат Орынбасаровтың сөзінше, "бүйрек сатып аламын" деген әйел оның жол шығынын өтеп, Ақтөбеден пәтер жалдап берген.
- "Ағама бүйрек керек еді" деп хабарласты. Ақтөбеге шақырды. Тоғыз миллион теңгенің жартысын бірден, жартысын отадан кейін төлеуге келіскен болатын. Бірақ сол күні бірден 5 миллион теңге әкеп берді, - деді Ерболат Орынбсаров сотта.
Прокурор Әділет Кенжалының айтуынша, бүйрегін саудалаған азаматты "полицияға көмектеспек болған ақтөбелік әйел" ұстап берген.
Кәмелетке толмаған екі баланың әкесі Орынбасаров 2024 жылы 25 қыркүйекте Ақтөбе қаласында ұсталған. Қазір ешқайда шықпау туралы қолхатпен бостандықта жүр.
Адам ағзаларын сатумен күрес бойынша Еуропа кеңесі Конвенциясына сәйкес, "адам ағзасы сауда-саттық заты не қаржылай пайда табудың көзі болмауы тиіс". Ал "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодекс Қазақстанда адам ағзаларын сатып алу-сатуға тыйым салынған, тек трансплантация жасауға рұқсат етеді.
ДДСҰ сарапшылары да адамның ағзасын саудалауға түбегейлі қарсы. Ұйым ерікті түрде әрі тегін донор болу принципін қолдайды. ДДСҰ транспланттау бағдарламаларының үйлестірушісі, дәрігер Люк Ноэльдің пікірінше, донорлық мәселесі моральдық-адамгершілік сипатқа ие, оны талқылауға отбасының барлық мүшесі қатысқаны жөн.
ПІКІРЛЕР