Accessibility links

Өзбекстанда "Сәлім-байбатша" аталған Сәлім Әбдуалиев түрмеден шықты – БАҚ


Сәлім Әбдуалиев
Сәлім Әбдуалиев

Өзбекстанда "Сәлімбай" немесе "Сәлім-байбатша" деген лақап есімімен қылмыс әлеміне атышулы Сәлім Әбдуалиев түрмеден "денсаулық жағдайына байланысты" босатылған деп хабарлады Азаттықтың Өзбек қызметі – Озодлик радиосы өзбекстандық басылымдарға сүйеніп. Ұзақ уақыт қатты ауырған 74 жастағы жазасын өтеуші 12 қаңтарда бостандыққа шыққан деп жазды Kun.uz. Басылымның хабарлауынша, Әбдуалиев Қылмыстық кодекстің ауыр дертке шалдыққандарды жазаны өтеуден босату туралы жазылған 75-бабына сәйкес босап шыққан.

Өзбекстан ұлттық олимпиада комитеті президентінің бұрынғы орынбасары, кәсіпкер Сәлім Әбдуәлиев 2023 жылы желтоқсанда қамауға алынып, 2024 жылғы 19 наурызда Мирабад аудандық сотының үкімімен 6 жылға бостандығынан айырылған. Сот оны Қылмыстық кодекстің 248-бабының 2-бөлігі бойынша (атыс қаруын, әскери оқ-дәріні, атыс қаруының негізгі бөлшектерін, жарылғыш заттарды, жарылғыш құралдарды немесе жарылғыш құрылғыларды заңсыз айналымға салу қылмысын қайталау немесе қауіпті рецидивист ретінде жасалған қылмыс) айыпты деп таныған.

Былтыр қазан айында Қырғызстанда Сәлім Әбдуалиевпен қылмыстық ымы-жымы бір деген күдікпен онға жуық адам қамауға алынған. Қырғызстанның арнаулы орындары Әбдуалиевті қырғызстандық ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшісі Қамшы Асанбек (Көлбаев) басқарған қылмыстық топты қаржыландырды деп айыптаған. Сол кезде Әбдуалиевті Қырғызстанда жауапқа тартудан құтқару үшін Өзбекстанда соттады деген әңгіме болған. Көлбаев 2023 жылдың қазан айында Бішкекте арнайы операция барысында өлтірілген.

Былтыр 11 тамызда әлеуметтік желілерде "Сәлімбай өліп қалды" деген ақпарат тарады, оны YouTube платформасындағы "Авторитет" деген арна таратты. Бірақ кейінірек Өзбекстан ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Шохрух Гиясов әлгі ақпаратты жоққа шығарды.

1950 жылы Ташкентте дүниеге келген, жоғары білім алған Сәлім Әбдуалиев президент Шавкат Мирзияевтің тұсында спорттық мекеме-ұйымдардағы қызметімен көзге түсе бастады. 2017 жылдан бастап Өзбекстан ұлттық олимпиада комитеті президентінің орынбасары, спорттық күрес ассоциациясының жетекшісі болып қызмет атқарды. Спорттың дамуына қосқан үлесі үшін мемлекет оны бірнеше рет марапаттады.

2006 жылы АҚШ-тың көпшілікке әшкере болған дипломатиялық жеделхаттарында Сәлім Әбдуалиев шенеуніктерге жоғары лауазымдар сатып, кәсіпорындарға тиімді мемлекеттік келісімшарттар алуға көмектескен "Ташкент мафиясының серкесі" деп сипатталды. Ол өзіне тағылған әлгіндей атақ-айдарды "жалған" деп, жоққа шығарды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG