14 қаңтарда Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Елизавета Терентьева мен Айя Сағынтайды ақтап шығарды. Бір жылдан аса уақыт қамауда отырған қыздар сот залынан бостандыққа шықты. Оларға «20 келіден аса есірткі тектес зат сақтады, тасыды» (ҚР ҚК 297-бабы, 3-бөлігі) деген айып тағылған.
Қылмыстық кодекстің 297-бабы үшінші бөлігінде көзделген қылмыс 2025 жылға дейін «аса ауыр қылмыстар» санатына жатқызылды. Өйткені бұл бойынша кінәлі адамдар 10-15 жылға дейін бас бостандығынан айырылған.
Елизавета Терентьева мен Айя Сағынтайдың сотына 10 алқаби мүшесі қатысты. Адвокаты Бауыржан Азановтың айтуынша, алқабилерге 50 сұрақ қойылған.
Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі сотының судьясы Мұхиддин Тохтахунов «олардан тәркіленген 20 келі есірткі тектес затқа Терентьева мен Сағынтайдың қатысы жоқ» деп шешкен.
Істі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы облысындағы департаменті тергеп, сотқа берген.
ҰҚК жедел тергеу тобы «Елизавета Терентьева мен Айя Сағынтайдың үйін тінткен кезде 196 грамм синтетикалық зат таптық» деген. Алқабилердің басым бөлігі үйден табылған зат «Терентьева мен Сағынтайға тиісті емес» деген тұжырымға келген.
Бұған дейін қыздардың аналары үйді тінту кезінде түсірілген видеодан құқық қорғау органына қатысы жоқ, азаматтық киімдегі адамдарды көргенін айтқан. Осыдан кейін олар тергеу қорытындысына күмән келтірген. Істің заңдылығын қайта тексеруді талап етіп, Алматы облысының прокуратурасына шағымданған.
Облыс прокуроры Берік Адамов оларға "тергеу айғақтарына күмәндануға негіз жоқ" деп жауап берген.
"Алматы облыстық прокуратурасы жиналған дәлелдемелердің заңдылығын, олардың қылмыстық іске қатысы бар-жоғын сотқа дейінгі тергеу сатысында да, істі сотқа жолдау кезінде де тексерді. Бұл ретте дәлелдемелер заңды және негізделген деп танылды. Айя Сағынтай мен Елизавета Терентеваны айыптауға жеткілікті дәлел бар. Осыған байланысты істі тергеуге қайтаруға және қылмыстық істі тоқтатуға негіз жоқ", – деп жауап берген Алматы облысының прокуроры Берік Адамов арыз иелеріне.
- Елизавета Терентьева мен Айя Сағынтайды 2023 жылы қазанның аяғында, Алматы облысы Өтеген батыр ауылындағы бос тұрған ғимараттан 14 қорапты алып, көлікке салып жатқан кезде Ұлттық қауіпсіздік комитеті өкілдері ұстаған. Тергеу материалында әлгі қораптың ішінен су сорғыш құрал мен "20 келіден астам есірткі тектес психотроптық зат" табылғаны жазылған.
- Күдікті екі қыз ұсталған кезде түсірілген видеода Айя Сағынтай ол қораптың ішінде не барын білмегенін айтқан. "Қорапты алып кетуді бастығым Ербол тапсырды, сол үшін 20 мың рубль (102 мың теңге) беремін деп айтты", – деп жауап айтқан Айя ҰҚК тергеушісі Айдар Абуовтың сұрағына. Оның "Ербол" дегені тергеу материалдарында "куратор" деп көрсетілген. Оның кім екенін тергеушілер сол күйі анықтамаған.
- ҰҚК тәркілеу кезінде түсірген видеода тергеуші Абуов қорап ішінен табылған ұнтақтың муляж екенін айтады. Муляждың сыртында сол затқа сараптама жасаған сарапшының анықтамасы бар. Сараптама 2023 жылы 26 қыркүйекте жасалған. Ал қыздарды ҰҚК жедел тобы 2023 жылғы 29 қазанда ұстаған.
- Адвокат Азановтың айтуынша, ішінде 20 келіден астам есірткі тектес заты бар қораптарды орган қызметкерлері екі қызды ұстағанға дейін басқа жақтан тәркілеген. "Кейін оның ішіне муляж салып, бос ғимаратқа қойған. Ол затқа кімдер келетінін сырттан бақылап, Айя мен Елизаветаны сол жерде ұстаған", – деді адвокат.
- 2024 жылы 297-баптың 3-бөлігі бойынша 938 адам сотталды. Кейінгі бес жылда сотталғандар саны үш есе артқан. Олардың басым көпшілігі 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас еркіндігінен айырылды.
- Биыл 2 қаңтарда президент Қасым-Жомарт Тоқаев есірткі тасымалдаушыларына жазаны жеңілдететін, өндірушілерге жазаны қатаңдататын заңға қол қойды. Енді есірткі таратқандар 10-15 жылға емес, 7-12 жылға дейінгі мерзімге сотталады. Ал оны өндіргендерге берілетін 15-20 жыл түрме жазасы өмір бойына бас еркіндігінен айыру жазасына ауыстырылды.
- Елде есірткі тасығаны үшін сотталғандар жай ғана көбейіп жатқан жоқ, олар "жасарып та" келеді. Мысалы, былтыр есірткіге қатысты қылмыс жасап сотталғандардың тең жартысы – 16 мен 29 жас аралығындағы жастар болды. Бес жыл бұрын есірткімен сотталғандар арасында жастардың үлесі 30 пайыз еді. 2020 жылы есірткі сақтау, тасумен байланысты 297-баппен 5 бала сотталған. 2024 жылы кәмелетке толмаған 31 бала түрме жазасын алған.
ПІКІРЛЕР