Accessibility links

Оңтүстік Кореяда қызметінен шеттетілген президент қамауға алынды


Оңтүстік Кореяның биліктен шеттетілген президенті Юн Сок Ель. 14 желтоқсан, 2024 жыл.
Оңтүстік Кореяның биліктен шеттетілген президенті Юн Сок Ель. 14 желтоқсан, 2024 жыл.

Оңтүстік Кореяда биліктен шеттетілген президент Юн Сок Ель қамауға алынды. Бұл жөнінде BBC ақпарат агенттігі жазды. Желтоқсанда ол елде әскери жағдай енгізуге тырысқаннан кейін парламент оған импичмент жариялаған.

Бұл Оңтүстік Кореяның тарихында биліктен шеттетілсе де, қазіргі президенттің алғаш рет тұтқындалуы.

Сәрсенбі күні президент резиденциясы алдында ұзақ уақытқа созылған текетірестен кейін тергеушілер Юн Сок Ельді жемқорлықты тергеу бюросына жеткізе алған.

Оның алдында Юн Сок Ель қысқа видеомәлімдеме жасап, қамауды заңсыз деп атаған. Алайда қантөгіс болмас үшін тергеушілер мен полицияның бұйрығына бағынатынын айтқан.

Желтоқсан басында Юн Сок Ель парламентті бақылауға алған оппозициямен күресін жалғастыруға талпынып, елде әскери жағдай енгізбек болған. Бұдан кейін парламент оны елде "төңкеріс жасамақ болды" деп айыптап, 14 желтоқсанда оған импичмент жариялаған.

Конституциялық сот оны биліктен уақытша немесе түбегейлі түрде шеттету туралы шешім әлі қабылдамаған.

Юнның өзі желтоқсанда мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды деген айыпты жоққа шығарып, мұндай қадамға "үкіметтің жұмысын тұралатқан оппозициядан мемлекетті қорғау үшін" жасауға мәжбүр болғанын айтқан.

Бірінші рет тергеушілер Юнды 3 қаңтарда қамауға алмақ болған, алайда президенттің күзетшілері бұған жол бермеген.

Бұл жолы тергеушілер мен полиция резиденцияға таңғы сағат 4:20-да барған, жемқорлықты зерттеу бюросы 10:30 шамасында Юнды тұтқындағанын хабарлады.

Екі жақ арасында келіссөз ұзақ жүрген. Келіссөз кезінде Юнның тергеуге бару-бармау мәселесі қозғалған. Жемқорлықты зерттеу бюросы бәрібір президент ресми түрде қамалуы керек деп мәлімдеген.

Парламенттегі демократиялық партия жетекшісі Пак Чан Дэ Юнның қамалуы – Оңтүстік Кореяда әділ сот әлі де бар екендігін айғақтайды деді.

BBC-дің жазуынша, Юнның қамалуы саяси дағдарыстың аяқталғандығынан хабар бермейді – ол оның кезекті фазасына көбірек ұқсайды.

Заң бойынша, тергеушілер Юнды екі тәулік қамауда ұстай алады, осы уақыт аралығында сот оны қамауға рұқсат беруі керек немесе президент босап шығуға тиіс.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG