Accessibility links

Өзбекстанда парламенттегі оппозицияның құқығы туралы заң жобасы әзірленбек


Өзбекстанда наурызға дейін парламенттегі оппозицияның құқығы туралы заң жобасы әзірленбек. Бұл қоғам талқылауына шығарылған 2025 жылға арналған мемлекеттік бағдарлама жобасында бар.

"Парламенттегі оппозиция құқығын кеңейтуге кепілдік беруге" бағытталған заң жобасын әзірлеу кезінде "өзге елдердің парламентіндегі тәжірибесі де" ескеріледі деп те айтылады.

Атап айтқанда, парламенттегі оппозицияның кепілдік берілген құқықтарының санын үштен алтыға дейін арттыру ұсынылып отыр. Бұған қоса, комитеттердің бірінің төрағасы мен комитет төрағаларының екі орынбасарын оппозициядан тағайындау туралы да ұсыныс айтылған.

"Үкімет сағаты" және парламенттік сұраулар кезінде оппозиция тоқсанына бір рет қандай да бір мәселе бойынша бастама көтеру құқығына ие болмақ.

2019 жылы Өзбекстан президенті оппозицияға қарсы емес екенін, бірақ оның пайда болуына жағдай жасау керектігін айтқан. Ал 2023 жылы шілдедегі инаугурация кезінде президент Шавкат Мирзияев елде конструктивті оппозицияның қызметіне кепілдік беріледі деп мәлімдеген.

2024 жылы қарашада жаңа жасақталған парламенттің алғашқы отырысы кезінде Шавкат Мирзияев "Өзбекстан парламенттегі оппзицияны күшейту керектігін" айтқан. Ол орынды бәсекелестік пен парламенттегі пікірлер тартысы халықтың мүддесіне сәйкес келетін заң қабылдауға түрткі болады деген. Оның пікірінше, парламент халық үйі болуы керек, ал заң шығарушы палата – идеялар генераторы, орынды бәсекелестік мен пікірталас алаңына айналуы қажет деген.

Азаттықтың Өзбек қызметінің жазуынша, өзбектің арнайы қызметі "билікке ыңғайсыз" журналистер мен блогерлер, азаматтық белсенділерді қаралауға бағытталған "схема" әзірлеп жатқанын айтқан. Редакция қаралау шараларының бірі сипатталған құжатты көрген.

Бұған қоса, Өзбекстанда елдегі энергия дағдарысын сынағаны үшін қамалып, айыппұл салынған ташкенттік жүргізуші Гайрат Дустовтың оқиғасы резонанс туғызған. Ол әкімшілік қамауда болған кезде күштік құрылым өкілдерінің қысымына ұшырағанын айтқан.

XS
SM
MD
LG