Accessibility links

Ақтөбеде кепілден босатылған үш адамның екеуі қайтыс болды, күдікті қамалды


Күдікті осы үйде тұратын әйелді, оның ата-анасын кепілге алған. Ақтөбе, 14 қаңтар 2025 жыл.
Күдікті осы үйде тұратын әйелді, оның ата-анасын кепілге алған. Ақтөбе, 14 қаңтар 2025 жыл.

Ақтөбе полициясының хабарлауынша, күдікті кепілге алған адамдарды босатуды бас тартқан соң, арнайы операция жүргізіліп, кепілге алынған әйел босатылған. Жертөледе сол әйелдің пышақтан жараланған ата-анасы табылған. Құтқарылғандардың екеуі кейін қайтыс болған.

Ақтөбеде 40 жастағы күдікті кепілге алған үш адамның екеуі қайтыс болып, біреуі ауруханаға түсті. Оқиға 13 қаңтар күні ақтөбеліктер "Мәскеу" деп атайтын аудандағы жеке үйлердің бірінде болған.

Азаттық тілшісі сейсенбі таңғы 8:00 шамасында оқиға орнында болды. Аты-жөнін атамауды өтінген үй иесінің көршісі "Полиция күдіктімен ұзақ уақыт келіссөз жүргізді. Оққа ұқсас тарс-гүрс еткен дауыстар шықты. Бізге жарықтың бәрін өшіріп, үйден шықпауды бұйырды" деді.

Күдікті мұндай әрекетке не себепті барғаны белгісіз. Полиция "қылмыстың мотивін анықтап жатырмыз" деді. Болжам бойынша, бұған тұрмыстағы араздық себеп болуы мүмкін.

"АТАМ БОСТАН-БОСҚА ӨЛІП ҚАЛДЫ"

Сейсенбі күні Ақтөбенің Рысқұлбеков көшесіндегі 10-шы үйді арнайы жасақ күзетіп тұрды. Үйдің қақпасына мөр басылған қағаз жапсырылған. Оқиға орнына келіп, күзеттен өте алмаған азамат (аты-жөнін атамады) "Атам бостан-босқа өліп қалды" деп күрсінді. Оның айтуынша, 75 жастағы ер адам осыдан жеті жыл бұрын үйдің иесі 67 жастағы әйелмен қосылған.

– Атам мен оның әйелін өлтірген жігіт осы үйдің қызымен бірге тұрған. Қыз аман. Атам мен оның әйелі қайтыс болды, – деді ол. Әзірге марқұм боп кеткен қарияның тегі Әлиев, жасы 75-те екені ғана белгілі.

Күдікті осы үйде тұратын әйелді, оның ата-анасын кепілге алған. Ақтөбе, 14 қаңтар 2025 жыл.
Күдікті осы үйде тұратын әйелді, оның ата-анасын кепілге алған. Ақтөбе, 14 қаңтар 2025 жыл.

Үш адамды кепілге алған күдіктімен 3 сағаттан астам келіссөз жүргізілгенін Ақтөбе полициясы да растап отыр. Полицияның мәліметінше, келіссөздер ешқандай нәтиже бермей, шабуыл жасау туралы шешім қабылданған.

Арнайы операция кезінде күдікті ұсталып, 40 жастағы әйел босатылған. Ал кепілге алынған әйелдің шешесі мен өлім халіндегі өгей әкесі жертөледен табылған.

"Зардап шеккендердің бірі тасымалдау кезінде, ал екіншісі ауруханада көз жұмды", – деп хабарлады сейсенбі күні Ақтөбе полициясы.

Полиция басшысы арнайы операция қанша уақытқа созылғаны, кепілдегі адамдарды босатудың жай-жапсары туралы ештеңе айтпады.

Ақтөбедегі көпсалалы облыстық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Азамат Тұрышев кепілге алынған азаматтардың денсаулығы жөнінде баяндап тұр. 14 қаңтар 2025 жыл.
Ақтөбедегі көпсалалы облыстық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Азамат Тұрышев кепілге алынған азаматтардың денсаулығы жөнінде баяндап тұр. 14 қаңтар 2025 жыл.

Ақтөбе облыстық көпсалалы ауруханасының бас дәрігерінің орынбасары Азамат Тұрышевтың айтуынша, зардап шеккен екінші азамат – 1950 жылы туған ер адам. Жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізілген кезде оның жағдайы ауыр болды деді аурухана өкілдері.

Дәрігерлер оны аман алып қалу үшін 30-40 минуттай күрескен, бірақ нәтиже болмаған, науқас ауруханада қайтыс болған. Ал әйелдің анасы ауруханаға әкеле жатқан жолда көз жұмған.

– Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті уақытша қамау изоляторына қамалды. Келіссөз кезінде күдікті ешқандай талап қойған жоқ, – дейді Ақтөбе облыстық полиция департаментінің басшысы Абай Жүсіпов.

Кейінірек қылмыстық іс екі бап бойынша қозғалғаны мәлім болды. Біріншісі – "кісі өлтіру", екіншісі – "кепілге алу". Полицияның мәліметінше, күдікті наркологиялық және жүйке ауруларын емдейтін диспансер есебінде жоқ

Әке-шешесі мен өзінің кепілге алынғаны туралы ақпаратты 40 жастағы әйел дүйсенбі күні сағат 20:00 шамасында полицияға хабарлап үлгерген. Құтқарылған әйел қазір көпсалалы облыстық ауруханада.

"МИЫ ШАЙҚАЛҒАН, ДЕНЕСІНДЕ ЖАРАҚАТ БАР"

Полиция жасағы кепілден босатып алған әйелдің денсаулығына зардап келген деді Азамат Тұрышев.

"Бүгін түнде сағат 12:30-да біздің облыстық ауруханаға жедел жәрдем көлігімен екі науқасты әкелді. Біреуі 1984 жылғы әйел адам. Бас миы шайқалған, басынан жарақат алған, бетінен жарақат алған, кесілген, қанталаған. Келгеннен бастап жан сақтау бөліміне жатқызылды, сол жерде ем тағайындалды. Таңертеңгі жағдайы орташа қатаң, алып бара жатқан шағымы жоқ, бүгін бұйырса палатаға аударамыз" деді бас дәрігерінің орынбасары Азамат Тұрышев.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG