Қазақстанда шетелдік маркетплейстердің жұмысын реттеу заң жүзінде бекітілмек. Бұл туралы 14 қаңтарда үкімет отырысында Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев айтты. Жаңа бастамаға сай, ел аумағында сауда-саттық жасау үшін шетелдік маркетплейстер әуелі тіркелуге міндетті болады. Үкімет өкілдері бұл іс-шаралар тұтынушылардың арыз-шағымына байланысты қабылданғалы отыр деп түсіндірді.
Отандық тұтынушылар Қазақстанның заңы жүрмейтін аумақта орналасқан маркетплейстер мен сатушылардан алынған тауарды қайтару я айырбастау мүмкін болмай отыр деп шағынды деді министр. Оның сөзінше, мұндай жағдайда тұтынушылар өз құқығын қорғай алмай, жапа шегеді.
Бұған қоса шетелдік интернет-дүкендер арқылы сатып алынған тауарлардың Қазақстаннан алынған сертификаты болмауы өнімнің қауіпсіздігі мен сапасына күмән туғызады деді министр.
Сауда және интеграция министрлігі Қазақстанда жұмыс істегісі келетін шетелдік платформаларға тауардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, контрафакт өнімдермен күресу, тұтынушы құқығын қорғау, жеке деректерді сақтау және қорғау сияқты мәселелерде отандық сатушылармен бірдей талап қойып, оны бұлжытпай орындауға міндеттеуді ұсынып отыр. Министрлік бұған қоса шетелдік интернет-платформалар мен дүкендерді тіркейтін платформа енгізген жөн дейді.
Былтыр сауда-саттықпен айналысатын қазақстандық кәсіпкерлер өздеріндегі тұтынушыларды шетелдік, негізінен қытайлық және ресейлік маркетплейстер еліктіріп алып кетеді, зор шығынға батып, жалға алып отырған жеріміздің ақшасы мен салықты төлей алмай қалдық деп шағынған. Олар үкіметті киім-кешек, аяқ киім, үйге қажет тауарлар сататын шетелдік интернет-платформалардың жұмысын реттеуге үндеген.
ПІКІРЛЕР