Accessibility links

Ақтөбеде кепілден құтқарылған екі адам көз жұмды, біреуі ауруханаға түсті


Күдікті осы үйде тұратын әйелді, оның ата-анасын кепілге алған. Ақтөбе, 14 қаңтар, 2025 жыл.
Күдікті осы үйде тұратын әйелді, оның ата-анасын кепілге алған. Ақтөбе, 14 қаңтар, 2025 жыл.

Ақтөбе қаласында полиция арнайы операция нәтижесінде кепілден босатқан үш адамның екеуі кейін қайтыс болған.

"Зардап шеккендердің бірі тасымалдау кезінде, ал екіншісі ауруханада көз жұмды", – деп хабарлады сейсенбі күні Ақтөбе полициясы.

Әйел адам ауруханаға әкеле жатқан жолда бақилық болған.

Оның жұбайы, 1950 жылы туған ер адам жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізілген кезде жағдайы ауыр болды деді Ақтөбе облыстық көпсалалы ауруханасының бас дәрігерінің орынбасары Азамат Тұрышев.

Дәрігерлер оны аман алып қалу үшін 30-40 минуттай күрескен, бірақ нәтиже болмай, науқас ауруханада жан тапсырған.

Қайтыс болған екі адам – полиция кепілден босатып алған әйелдің анасы мен өгей әкесі. 1984 жылы туған әйелдің денесіне бірнеше жарақат түскен деді дәрігерлер.

"Миы шайқалған, бас сүйегі, беті жараланған, кесілген, қанталаған. Келгеннен бетте жансақтау бөліміне жатқызылды, сол жерде ем тағайындалды. Таңертеңгі жағдайы орташа қатаң, алып бара жатқан шағымы жоқ, бүгін бұйырса палатаға аударамыз", – деді бас дәрігерінің орынбасары Азамат Тұрышев.

Полицияның мәлімдеуінше, қылмысқа күдікті ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалған. "Кепілге адам алу" фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Дүйсенбі күні кешке Ақтөбе қаласында белгісіз біреу жеке үйге кіріп, адамдарды кепілге алған. Ақтөбе полициясының хабарлауынша, кепілге алу туралы хабар 13 қаңтарда сағат 20:00 шамасында түскен.

Полицияның жедел тергеу тобы мен арнайы жасақ қызметкерлері оқиға орнына барып, күдіктімен келіссөз жүргізген. Күдікті кепілге алған адамдарды босатудан бас тартқаннан кейін полиция оларды босату операциясына кіріскен.

– Полицияның арнайы жасағы операцияны ұйымдастырып, іске асырды. Кепілге алынған азаматша мен оның ата-анасы босатылды, күдікті ұсталды, – деді Жүсіпов.

Полиция басшысы арнайы операция қанша уақытқа созылғаны, кепілдегі адамдарды босатудың жай-жапсары туралы ештеңе айтпады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG