Accessibility links

Джо Байден Ақ үйден кетер алдындағы сөзінде сыртқы саясат жайлы айтты


АҚШ президенті Джо Байден Мемлекеттік департаментте сөйлеп тұр. Вашингтон, 13 қаңтар, 2025 жыл.
АҚШ президенті Джо Байден Мемлекеттік департаментте сөйлеп тұр. Вашингтон, 13 қаңтар, 2025 жыл.

АҚШ президенті Джо Байден Ақ үйдегі қызмет мерзімі аяқталар алдындағы соңғы сөзінде сыртқы саясат жайына тоқталып, Ресей президенті Владимир Путинді мысқылдады.

"Путин Украинаға басып кіргенде Киевті бірнеше күнде аламын деп ойлады. Ал іс жүзінде соғыс басталғаннан кейін Киевтің орталығында ол емес, мен тұрдым. Ол жерде Путин болған жоқ", – деді АҚШ мемлекеттік департаментінде сөйлеген Джо Байден.

Мен америкалық әскердің бақылауынан тыс жердегі соғыс аймағына сапармен барған жалғыз Жоғарғы бас қолбасшымын", – деп сөзіне қосты АҚШ президенті.

Байден сөзінде Украинаға көбірек назар бұрды. Айтуынша, ол ресейлік басқыншылықтан қорғанған Украинаға халықаралық қолдау ұйымдастыруды және ядролық жанжалға жол бермеуді өзіне мақсат етіп қойған.

"Біз екі міндетті де орындадық, – деді Байден. – Біз болашақ әкімшілік украин халқының жарқын келешегін қорғай алатындай іргетас қалап кеттік".

Ресейдің Украинаға басып кіргені Байденнің НАТО-ны күшейтемін деген жоспарына септігін тигізді. Одаққа мүше елдер Киевке көмектесу ісінде АҚШ-пен бірге жұмылып, Украинаға жүздеген миллиард доллар көлемінде әскери және қаржылай көмек берді. Швеция мен Финляндия НАТО мүшесі атанды. Соғысқа дейін бұл екі ел бейтарап болып келген.

Байденнің тұсында АҚШ-тың қарсыластары Ресей, Қытай, Солтүстік Корея және Иран жақындаса түсіп, Батыс елдеріне төнген қауіпті ұлғайтты. Пекин, Тегеран және Пхеньян Ресейге әскери және технологиялық тұрғыда жәрдем берсе, Мәскеу қарымта ретінде энергетика ресурстарын, әскери жабдықтарын жолдады. Байден бұл әріптестікке аталған елдердің мықтылығы емес, әлсіздігі итермеледі деп мәлімдеді.

Байден өз әкімшілігі тұсында АҚШ әскери индустриясын жандандырғанын айтты. Оның сөзінше, төрт жылда осы салаға 1,3 трлн доллар инвестиция жасалған.

Байденнің айтуынша, осы мерзімде АҚШ экономикасының қуаты артып, оның қарсыластары әлсіреген.

"Менің әкімшілігім келесі әкімшілікке мықты қол қалдырып барады" деді Байден. "АҚШ қайтадан алға шықты".

Ол 20 қаңтарда инаугурациясы өтетін Дональд Трампты АҚШ-тың жасанды интеллект саласында лидер болып қалуын қамтамасыз етуге шақырды. Байденнің сөзінше, бұл жаңа технология экономиканы, үкіметтің жұмысын және ұлттық қауіпсіздікті біржола өзгертетін әлеуетке ие.

Байден сондай-ақ климаттың өзгеруі адамзатқа қауіп төндіретінін айтып, Трампты таза энергияға көшу мәселесіне салмақпен қарауға шақырды. Оның сөзінше, Қытай таза энергия индустриясында жетекші болуға әрекеттеніп жатыр, осылай жалғаса берсе, АҚШ Пекинге тәуелді болып қалмақ.

"АҚШ бұл бәсекеге де жеңуі керек" деді ол.

Джо Байденнің сөзінен кейін бірнеше сағаттан соң былтыр қарашада өткен президент сайлауында жеңіске жеткен Дональд Трамп телесұхбатта Ақ үйден кетіп жатқан әкімшілікке өзгеше баға берді. "Бұл сорақы төрт жыл болды", – деді Трамп.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG