Дүйсенбі күні кешке Ақтөбе қаласында белгісіз біреу жеке үйге кіріп, кепілге адам алған. Полиция арнайы операцияны іске асырып, кепілдегі адамды ата-анасымен бірге босатып, қылмысқа күдіктіні ұстаған. Бұл туралы Ақтөбе полиция департаментінің бастығы Абай Жүсіпов хабарлады.
– Полицияның жедел басқару орталығына 13 қаңтарда сағат 20:00 шамасында кепілге адам алу фактісі жөнінде хабарлама түсті. Полицияның жедел тергеу тобы мен арнайы жасақ қызметкерлері оқиға орнына барып, арнайы операцияны ұйымдастырып, іске асырды. Кепілге алынған азаматша мен оның ата-анасы босатылды, күдікті ұсталды, – деді Жүсіпов.
Полиция басшысы арнайы операция қанша уақытқа созылғаны, күдікті адам мен кепілген алынған адамдар кім екені жөнінде ештеңе айтпады.
Кепілден босатылғандар медицина мекемесіне жеткізілген. Олардың денсаулық жағдайы туралы әзірге басқа ақпарат жоқ.
Полиция "кепілге адам алу" фактісі бойынша қылмыстық іс қозғаған.
ПІКІРЛЕР